Меню

Қоғамда туберкулез ауруы өршіп тұр

Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне сүйенсек, дүниежүзінде жыл сайын 15 миллиондай адам туберкулез дертін жұқтырады екен. Ең өкініштісі, оның 2 миллионға жуығы осы дерттен көз жұмады. Біздің елімізде де туберкулез ауруы әлі де болса азаймауда ! Мамандар біздегі статистикалық көрсеткіштің төмендегенін айтқанымен, әлі қуануға ертерек. Неге десеңіз, Қазақстанда биылдың өзінде тіркеуде тұрғандардың саны 146 400-ге жеткен. Тіркелмегені қаншама?! Өйткені, халықтың көбі өздігінен медициналық - флюорографиялық тексеруден өтпейді. Туберкулез ауруының өршуіне осы салғырттық та себеп болып отыр. Зерттеушілердің айтуынша, туберкулез жас таңдамайтын ауру. Мәселен, бір кездері туберкулезге «кедейлер ауруы» деген ат та тағылды. Өйткені, бұл дертпен әлеуметтік жағдайы төмен, тұратын жері лас адам ауырады деген түсінік болды. Алайда, туберкулез ауруының ауқатты орта және жоғарғы тап өкілдерінің «төңіректегенін» де байқауға болады. Сондықтан, одан сақтанудың жолын біліп жүргеніміз абзал. Мысалы, туберкулездің ашық түріне шалдыққан науқас жылына кемі 15 адамға ауру жұқтырады . Сау адамға бұл ауру, негізінен, түкірігінің ұсақ сұйық тамшыларыны немесе кепкен түйіршіктерін ауамен бірге жұтқанда жұғады. Кей жағдайда туберкулезбен ауырған үй жануарларының сүтін шикілей ішкенде немесе етін шала пісіріп жегенде де жұғуы мүмкін. Алайда, адам ағзасына туберкулез таяқшасы енсе, « ауруға шалдықтым» деп уайымдаудың жөні жоқ. Егер, адамның иммунитеті мықты болса, вирус адам ағзасында өсіп, жетілмейді. Тек, организмнің иммунитеті төмендегенде, дұрыс тамақтанбаған жағдайда, санитарлық - гигиеналық ережелерді дұрыс сақталмағанда туберкулез таяқшасы қозып адам ауруға шалдығады. Туберкулез таяқшасының дамуына қолайлы орталар бар. Мысалы: кох таяқшасы күннің көзі аз түсетін бөлмеде бірнеше айға дейін, көшедегі шаңның арасында 10 күндей, кітап беттерінде 3 айға дейін, сүт тағамдарында 8 айдай, суда 5 айдай өмір сүреді екен. Сондықтан вирустың қандай жағдайда тез өлетінін де біліп жүргеннің артықтығы жоқ. Мысалы, күн сәулесі түскенде бір жарым сағат ішінде, ультракүлгін сәуленің әcepiнен 2-3 минут ішінде, сүтті қайнатқанда, күн сайын бөлмені желдеткенде, ылғалды шүберекпен бөлмені сүрткенде дереу көзі жойылады екен. Егер ағзаға туберкулез таяқшасы түссе, кез келген мүшеде көбейеді. Әсіресе, өкпенің жоғарғы бөлігінде жиі кездеседі. Туберкулез ауруына шалдыққан адамның бойындағы алғашқы белгілер жайында көп айтылады. Бірақ, осы алғашқы белгілерді ескере бермеудің кесірінен, науқастар дәрігерге ауруын әбден асқындырып барып келеді екен. Егер адамда жөтел екі аптадан артық уақытқа созылса, әлсіздік пайда болып, дене қызуы көтерілсе, бей-жай қарауға болмайды. Тершеңдік, тәбеттің нашарлауы, жүдеу, кеуде тұсының ауруы, қан аралас түкіріктің шығуы да осы дерттің алғашқы белгілері болып табылады. Ауру белгілері пайда болған жағдайда тез арада дәрігердің қабылдауына барған жөн. Егер дер кезінде емделсе, қатерлі ертті Ғалдын алуға болады. Бірақ, біздегі туберкулезбен ауыратындардың 50 пайызы жұмыссыз жүргендер, 10 пайызы барар жер, басар тауы жоқ қаңғыбастар екен. Осы басты проблема. Өйткені, олардың ешқайсысы құлан-таза айығып кетуге құлық таныта қоймайды және бір өкініштісі, барлығы да еңбекке қабілетті жастағы жандар екен. Ең өкініштісі, дүниежүзіндегі 15 миллион туберкулез дертіне шалдыққан жандардың, 11 миллионы жұмыс жасайтын адамдар. Тағы бір дерекке сүйенсек, еліміздегі туберкулезге шалдыққандардың 20 пайызы темекі шегетін жандар екен. Бұл, аталған аурудың салауатты өмір салтын сақтамайтын жандар екенін көрсетсе керек. Елімізде сондай-ақ, созылмалы өкпе дертіне шалдығушылар санының да соңғы жылдары екі есеге артқанын байқауға болады. Созылмалы өкпе дерті дегеніміз, бұл нақты бір ауру емес. Бұл өкпеге ауаның жетпеуінен, тыныс алудың қиындауынан пайда болатын аурудың жиынтығы. Өйткені, тыныс алудың бұзылуы өкпе дертінің алғашқы белгісі болып табылады. Бұл жай ғана жөтел емес, өмірге қауіп төндіретін өкпе ауруы. Ауруға шалдыққан адам жиі ентігіп қалады. Созылмалы жөтел пайда болады. Ең қорқыныштысы, бұл ауру бірден білінбейді, ол жылдар бойы дамиды екен. Сондықтан науқастар көп ретте осындай ауруы бар екенін білмей де қалып жатады. Олар статистикалық көрсеткіштің артуына ауаның шектен тыс ластануы, жастардың темекіге ерте жастан әуестенуі себеп болып отыр деп санайды. Сондықтан, елімізде бұл дертке шалдыққан жандар ерекше медициналық бақылауға алынған. Мәселен, ТМД елдерінің ішінде Қазақстанда ғана осы ауруға шалдыққандарға дәрілер тегін беріледі», - дейді. Ал туберкулезді тұқым қуалайтын дерт деу қате түсінік. Тек, есте сақтайтын жәйт, туберкулезбен ауыратын ата-ана дер кезінде емделмесе, баласына жұғуы әбден мүмкін. Қазір еліміздің денсаулық сақтау саласындағы маңызды бағыттардың бірі осы туберкулезбен күрес мәселесі болып саналады. Ауру көрсеткішін төмендету мақсатында Үкімет арнайы қаулы қабылдады. Қазір «Туберкулезге қарсы ұлттық бағдарлама» да жұмыс істеуде. Туберкулезге шалдыққан жан бізде тегін емделеді. Бірақ, мемлекет салаға қандай жағдай жасаса да, туберкулезбен тек денсаулық сақтау қызметкерлері күресіп, үлкен нәтижеге жете алмайды. Ең алдымен, тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігі артып, уақытылы тексерілуден өтіп тұрғаны жөн. “Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде”-, дегендей, салауатты өмір сүрудің қарапайым қағидаларын әрбір азамат сақтаса, ешбір адам туберкулез ауруына шалдықпайды.

Калешова Нурия Смагуловна “Арасан Ақтөбе” ЖШС дәрігер эпидемиолог